«Ақтөбенің» шебер оқырманы»Байқау

Асық ойнаған озар

 «АҚТӨБЕНІҢ» ШЕБЕР ОҚЫРМАНЫ»

Мен Байғанин ауданында дүниеге келдім. 1976 жылдан бастап Қобда, Алға аудандық ішкі істер бөлімдерінде тергеу саласында қызмет атқарып, 1998 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Менің сүйікті ісім — қойдың асығын жинау. Оны мұқият тазалап, шайға салып бояймын. Қазір екі жүздей асығым бар.

Кезінде ауыл баласының бәрі асық ойнап өсті. Көнеден келе жатқан ойынның бұл түрі баланы жастайынан дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа үйретеді. Жүйке жүйелерін шыңдап, жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады. Кішкентайынан асық ойнап өскен бала төзімді әрі шыдамды болады. Бала бойындағы бұл қасиет болашақта көздеген мақсатына жетуіне көп септігін тигізері анық. Жалпы, қазақ отбасы асықты тастамайды, тазалап, жинап қояды. Мен де немерелеріме асықтарымды беріп, оның түрлері, иіріп тастағанда жатысы қалай аталады — соның барлығын үйретіп отырамын. Бірақ қазір асық ойнайтын бала аз.

Сондай-ақ қолым бос уақытта қойдың асық жілігінен түрлі кәдесыйлар жасаймын. Кейде шүмек жасап, оларды достарыма «немерелі болыңдар» деген ырыммен сыйға тартамын. Жалпы, шүмек — баланың бесіктегі тазалығына өте қолайлы. Өйткені арнайы қойылатын шүмек баланың дәретін жаймай, таза және тыныш ұйықтауына мүмкіндік береді.

Бұрын «Ақтөбе» газетін сатып алып оқушы едім. 2019 жылдан бастап тұрақты түрде жазылып келемін. Газеттің әр нөмірін үзбей оқимын. Маған әсіресе өзімнің туған жерім — Байғанин ауданының өмірі, сол ауданнан шыққан еңбек адамдары, ақын-жазушылары жайлы жазылған мақалалар ұнайды. Сондай-ақ өңіріміздің тарихи жерлері туралы материалдарды қызыға оқимын.

Мақсатқали СҮЙЕСОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button